10.03.2026
140
Ұлттық биотехнология орталығы өсімдіктердің генетикалық инженериясы зертханасының меңгерушісі Шуга Асқарқызы Манабаева Найля Базанова атындағы марапаттың лауреаты атанды. Бұл марапат ғылым мен білімнің дамуына елеулі үлес қосқан отандық әйел-ғалымдарға табысталады.
Марапаттау рәсімі Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы бастамасымен өтті. Іс-шараға жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында Академия президенті Ақылбек Күрішбаев әйел-ғалымдардың еліміздің ғылыми әлеуетін дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың отандық ғылымдағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.
Шуга Асқарқызы Манабаева Ұлттық биотехнология орталығының өсімдіктердің генетикалық инженериясы зертханасын басқарады және өсімдіктер биотехнологиясы мен генетикалық жақсарту әдістері бағытында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Найля Базанова атындағы марапат көрнекті қазақстандық ғалымның құрметіне тағайындалған. Академик Найля Базанова — Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы атты биология ғылымының жаңа бағытының негізін қалаушысы.