Бас директорының міндетін атқарушы
СКИБА
ЮРИЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ
Профессор, биология ғылымдарының кандидаты
Скиба Юрий Александрович – «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы, профессор, биология ғылымдарының кандидаты. Молекулалық биолог және биотехнолог, молекулалық генетика, геномика, зертханалық диагностика және биоқауіпсіздік саласының маманы. Тағайындалғанға дейін «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-нің Алматы қаласындағы филиалын басқарған.
2007 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін «Биотехнология» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтында «Молекулалық биология» мамандығы бойынша биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті биология профессоры ғылыми атағын берген.
Кәсіби қызметін 2003 жылы М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтында бастап, зертханашыдан геном зертханасының жетекші ғылыми қызметкеріне дейінгі жолдан өткен. 2017 жылдан бастап «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-нің Алматы қаласындағы филиалында жұмыс істеген: молекулалық биология зертханасының меңгерушісі, директордың орынбасары, ал 2023 жылдан бастап – филиал директоры.
Ғылыми қызығушылық саласы: молекулалық-генетикалық паспорттау, геномдық эпидемиологиялық қадағалау және адам мен жануарлардың қауіпті әрі аса қауіпті инфекция қоздырғыштарының дәрілік төзімділігін зерттеу, патогенді микроорганизмдердің эволюциясы мен эпидемиологиясы, диагностикалық жүйелерді әзірлеу, рекомбинантты технологиялар, эукариот геномының құрылымдық-функционалдық ұйымдасуы, гендер экспрессиясын реттеу, генетикалық инженерия және биологиялық қауіпсіздік.
20-дан астам ғылыми жобаны басқарған және оларға қатысқан. Оның жетекшілігімен SARS-CoV-2 анықтауға арналған алғашқы толығымен отандық ПТР-тест-жүйесі және медициналық әрі ветеринариялық мақсаттағы бірқатар басқа диагностикалық жүйелер әзірленіп, тіркелген. Отандық және шетелдік патенттер мен авторлық куәліктердің тең авторы.
Мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болған: COVID-19 диагностикасына арналған отандық тест-жүйені әзірлеуге қосқан үлесі үшін «Халық алғысы» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2020), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл» мерейтойлық медалімен (2021), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (2024), «2025 жылдың үздік ғылыми қызметкері» сыйлығымен марапатталған.


