03.06.2025
47
2025 жылғы 27-30 мамыр аралығында Алматы қаласында «Генетика және физиология: өткені, бүгіні, болашағы» (IGPH2025) халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Бұл конференция Жалпы генетика және цитология институтының құрылғанына 30 жыл және Адам және жануарлар физиологиясы институтының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Конференция жұмысына Қазақстанның, алыс және жақын шетелдің ғылыми орталықтары мен институттарының, жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары мен мамандары қатысты. Конференцияда «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-нің ғалымдары баяндама жасады: б.ғ.к. Огай В.Б., б.ғ.к. Манабаева Ш.А., б.ғ.к. Жолдыбаева Е.В., PhD Кулмамбетова Г.Н. және PhD Жабагин М.К.
Конференция өсімдіктердің, жануарлардың, микроорганизмдердің және вирустардың генетикалық ресурстарын пайдалануға байланысты кең ауқымды зерттеу бағыттарын; адамның, жануарлардың және өсімдіктердің қоршаған орта факторларымен өзара әрекеттесуінің генетикалық және физиологиялық аспектілерін; спортта генетикалық және физиологиялық тәсілдерді қолдану; ғарыштық физиология; ежелгі және қазіргі ДНҚ молекуласын зерттеу; молекулалы-генетикалық, биохимиялық және физиологиялық зерттеулер; жаңа биоақпараттық және геномдық технологияларды дамыту бағыттарын қамтыды.
Конференция аясында Даиров Айдар Куанышбекович – «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-ның діңгек жасушалар зертханасының ғылыми қызметкері және «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ-ның жалпы биология және геномика кафедрасының «8D05107-Биология» білім беру бағдарламасы бойынша 2-курс докторанты постерлік баяндама жасады. Баяндама тақырыбы: «Тышқандардағы псориаз моделінде цитокиндермен алдын ала шартталған мезенхималық дің жасушалар мен олардың экзосомаларының терапиялық әсерін зерттеу». Өзінің баяндамасында Даиров А.К. зертханалық тышқандарда имиквимод (IMQ) арқылы тудырылған псориаз тәрізді тері қабынуы үлгісінде адамның кіндік қанынан алынған мезенхималды дің жасушаларының (МДЖ) (hUCB-MSCs) және олардың экзосомаларының (hUCB-MSC-Exo) емдік тиімділігін зерттеу нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Қабынуға қарсы қасиеттерді күшейту үшін hUCB-MSCs интерлейкин (IL)-17A, IL-22 және ісік некрозының факторы альфа (TNF-α) қабыну цитокиндерінің түрлі комбинацияларымен алдын ала шартталған.
Стендтік баяндама қабыну реакциясын реттеудегі МДЖ-ның және олардың экзосомаларының қазіргі кезде белгілі молекулалық механизмдерін суреттейтін, сонымен қатар тышқандардағы IMQ арқылы жасалған псориаз тәрізді қабыну үлгісінде олардың емдік әсерін бағалауға бағытталған егжей-тегжейлі зерттеу дизайнын қамтыды. Постерде PASI (Psoriasis Area and Severity Index) индексі бойынша қабынудың ауырлығын бағалау, көкбауыр индексі және тері үлгілерінің гистологиялық талдау нәтижелері көрсетілді. Эксперименттік деректер зақымданбаған және алдын ала шартталған hUCB-MSCs және hUCB-MSC-Exo өңделген тышқандардағы қабыну реакциясының айтарлықтай төмендеуін және аурудың клиникалық белгілерінің жақсарғанын растады. Бұл ретте IL-17A, IL-22 және TNF-α қабынуды қоздыратын цитокиндерінің комбинациясымен алдын ала шартталған hUCB-MSC-Exo қабынуды азайтуда ең жақсы әсер көрсетті. Постерде Даиров А.К. және оның авторлық ұжымының осы саладағы жарияланымдары туралы ақпарат та қамтылды. Презентация конференция қатысушыларының, соның ішінде магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар және биомедицина саласындағы жетекші мамандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Ұсынылған жұмысты интерактивті талқылау тәжірибе алмасуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға ықпал етті.
Конференцияда ұсынылған көптеген постерлердің ішінде Даиров Айдар Куанышбековичтің постерлік презентациясы сараптамалық қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, үздік деп танылды. Конференция қорытындысы бойынша ол «Үздік постерлік (стендтік) баяндама» номинациясында бірінші орынды иеленді.
Бұл жетістік жүргізілген зерттеудің ғылыми маңыздылығын ғана емес, сондай-ақ алдын ала шартталған МДЖ мен олардың экзосомаларының псориаз және басқа да аутоиммунды ауруларды емдеудегі терапиялық қасиеттерін одан әрі зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашты.