21.04.2025
60
2025 жылдың 18 сәуірінде «Ғылым декадасы – 2025» аясында «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-де («ҰБО» ЖШС) Даиров Айдар Куанышбековичтің ғылыми семинары өтті. Ол «ҰБО» ЖШС-нің дің жасушалары зертханасының ғылыми қызметкері және «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті» КеАҚ-ның «8D05107-Биология» оқу бағдарламасы бойынша 2-курс докторанты. Баяндама тақырыбы: «Мезенхималық дің жасушалары және олардың экзосомалары: шолу, медициналық қолдану мүмкіндіктері және псориаздың тышқан үлгісіндегі тиімділікті бағалау». Баяндамада спикер дің жасушаларының негізгі аспектілерін, оның ішінде олардың классификациясын, эмбрионалды және соматикалық дің жасушаларының ерекшеліктерін, аутологиялық және аллогенді терапияны, жасуша терапиясының болашақ бағыттарын, клиникалық бекітілген дің жасушаларына негізделген препараттарды, сондай-ақ олардың медициналық тәжірибеде қолданылуына байланысты өзекті мәселелерді түсіндірді. Негізгі назар мезенхималды дің жасушалардың (МДЖ) және олардың экзосомаларының биологиясына, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне, терапевтік әсерін күшейту жолдарына аударылды. Тері мен буындарды зақымдайтын аутоиммунды ауру – псориазға ерекше көңіл бөлінді. Спикер аурудың патогенезі, эпидемиологиясы және емдеу әдістері туралы өзекті деректерді ұсынды, соның ішінде МДЖ және олардың экзосомалары арқылы ауруды емдеу тәсілдері туралы атап өтті. Баяндамада АР13068269 гранттық жобасы аясында жүргізілген диссертациялық зерттеу нәтижелері көрсетілді. Бұл жобаның мақсаты – алдын-ала өңделген МДЖ экзосомаларының терапевтік әсерін псориаздың тышқандар моделінде бағалау. Баяндама қатысушылардың қызығушылығын тудырып, талқылауға себеп болды, оның барысында жасуша терапиясымен байланысты өзекті мәселелер талқыланып, диссертациялық зерттеу жұмысын әрі қарай жүзеге асыру жоспарлары белгіленді. Семинар «ҰБО» ЖШС-нің Жастар ғалымдар кеңесінің қолдауымен ұйымдастырылды.