Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен несиелері

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі –бұл ақылы кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі білім (магистратура) алуда халыққа қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама.

Осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның әрбір азаматы өзінің немесе баласының Қазақстанда не шетелде білім алуына қаражат жинақтау мүмкіндігіне ие болды. 

Белгілі болғандай, білім беру жинақтау депозитіне банктің сыйақысынан (13%) бөлек мемлекет сыйлықақысы (5-7%) есептеледі. Бұл оның басқа депозиттерден басты айырмашылығы болып табылады. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы салымшылар басымдылықты санатқа жатқызылатындықтан, оларға мемлекет сыйлықақысы 7 % мөлшерінде төленеді. Бұл санатқа жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, аз қамсыздандырылған отбасылардағы балалар және көпбалалы отбасындағы балалар жатқызылады. Басқа салымшыларға мемлекет сыйлықақыны жыл сайын банктің сыйақысын қоса есептегендегі салымдағы барлық сомаға 5%, бірақ 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде есептейді.

Осылайша, бұл депозиттердің 21% дейінгі жоғары табыстылығы білім беру жинақтау салымдарының тартылымдылығы мен мақсаттылығы туралы нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді.

Білім беру жинақтау депозитінде қаражат жинақтау арқылы банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысының капиталға айналуы арқасында оқуға шығыстарды айтарлықтай үнемдеуге болады. Басқаша айтқанда, білім алуға шығыстардың қомақты бөлігін мемлекет өз мойнына алады десе болады.

Шоттың толықтырылып тұру жиілігінсалымшының өзі таңдайды. Шотты бала дүниеге келгеннен кейін бірден ашуға болады. Жинақтаудың максималды мерзімі 20 жыл.

Салым иесі грантқа ие болған жағдайда жинақталған қаражатты түгелдей қолға алуға, басқа баланың атына аударуға немесе жинақтауды жалғастыруға болады. Депозитті ашу үшін жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін ұсыну жеткілікті.

Білім беру несиелері –оқу  ақысын төлеудің балама мүмкіндігі, студенттерге оқудың ақысын төлеу үшін коммерциялық банктерден кредит алуға мүмкіндік беретін білім беру кредиттерін кепілдендіру жүйесін енгізу. Бұл кредиттер бойынша мемлекеттің атынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйым – «Қаржы орталығы» АҚ-ның (Қаржы орталығы) кепілдігі банктердің алдында несиені қамтамасыз ету ретінде жүреді.

Қазақстан Республикасында білім беру кредиттері коммерциялық банктерде бұрыннан ұсынылып жүргені белгілі. Әйтсе де, мемлекеттің кепілдігінсіз ұсынылатын білім беру кредиттері мен мемлекеттің кепілдігімен ұсынылатын білім беру кредиттері арасындағы айырмашылықты түсіндіріп кетелік.

Ендеше мемлекеттің кепілдігімен ұсынылатын білім беру кредиттерінің әдеттегі тұтынушылық кредиттерден не кепілзатты кредиттерден негізгі айырмашылығы неде? Біріншіден, пайыздық мөлшерлемесі мен несиелендіру мерзімдері жағынан – мемлекет кепіл болған кредиттер әлдеқайда қолжетімді шарттарда беріледі. Екіншіден, кепілзат талап етілмейді. Алайда, Қаржы орталығының кепілдігімен кредит алу үшін бір немесе екі қосалқы қарыз алушы/кепілгер қажет болады. 

Кредиттің сомасы шектеусіз, бастысы, оқудың барлық кезеңі үшін оқу құнынан аспау керек. Бұл жағдайда қосалқы қарыз алушының/кепілгердің төлеу қабілеттілігі, яғни негізгі жұмыс орны бойынша алатын табысы ескеріледі. Сондай-ақ, тағы бір ұтымды жағы – жеңілдікті мерзім беріледі, яғни оқу кезіне және оқуды бітіргеннен кейін 6 айға дейін кредитті өтеу мерзімі кейінге шегеріледі. Кредитті мерзімінен бұрын өтеу айыппұл санкцияларын ұстап қалусыз жүзеге асырылады.

         Бағдарламаның қолданылу ауқымы кең, көрсетілген серіктес банктер Республиканың барлық өңірлерінде жұмыс істейді. Кредиттерді беру тетігі бірдей: қарыз алушы банкке барады, консультация алады, ресімдеуге қажетті құжаттарды жинап, оларды банкке тапсырады.

Бұдан былай студент қандай оқу орнына баратындығын және қандай мамандық алатынын өзі шешіп, өз болашағын өз күшімен жоспарлай алады. Сонымен қатар, жұмысқа тұруға берілетін мерзім мен белгіленген берешекті өтеу кестесі студент үшін жақсы оқуға, белсенді түрде жұмысқа орналасудың амалдарын іздестіруге түрткі болады, әрі бұл жас азаматтың тағдырына оң ықпал ететін өмірлік сынақ болады деп сенеміз. 

Білім алуды қаржыландыру көзі ретінде кредит алу отбасылық бюджетті әлдеқайда тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, өйткені отбасына оқудың ақысын төлеу үшін қысқа уақыт аралығында қомақты сома іздеп-табу, қалыптасқан шығындар тәртібін түбегейлі өзгерту қажеттілігі болмайды.

Сонымен бірге, студенттерді қаржыландырудың осыған ұқсас бағдарламалары  көптеген дамыған елдерде енгізілген және сәтті жұмыс жасайды. Сондықтан, біздің елімізде де бағдарлама көпшіліктен қолдау тауып, ілгері дамиды деп үміттенеміз.

Осылайша, мемлекетіміз еліміздің басты адами әлеуетін қолдай отырып, жастардың тағдырға ғана сүйенуіне жол бермей, жарқын болашаққа ұмтылуға мүмкіндіктер беретін жағдай жасауда. Мемлекет өз ұрпағының табысты, заманауи және бәсекеге қабілетті кәсіпқой болғанын қалайды.

Share

Біз туралы

Елдің биотехнология саласын мемлекеттік қолдау және дамыту саясатын іске асыратын жетекші биологиялық ғылыми орталық - «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ҰБО) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1993 жылы құрылды. Орталық биотехнология, биологиялық қауіпсіздік және экология саласындағы мемлекетпен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындайды және үйлестіреді.

Соңғы жаңалықтар